Бердібек Мұхаммедали


7 жасар бала – бес тіл меңгерген полиглот! Мұхаммедали жеті жасқа келгенде әкесінің жұмыс бабымен Түркия еліне қоныс аударған. 2019 жылы тек ана тілі мен орыс тілін ғана білетін қазақтың қара баласы Стамбулда мектеп табалдырығын аттады.
Бердібек Мұхаммедали 2012 жылы Астана қаласында туылған. Қазір еліміздің бас қаласында Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейдің 4-сыныбында үздік оқиды. Сабақта үнемі белсенділікпен көзге түсіп, сыныптастарының арасында алғырлығымен, ұқыптылығымен, табандылығымен ерекшеленеді. Әсіресе, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пәндерінен сөздік қоры бай. Астрономия, география ғылымдарына және саясатқа қызығушылығы ерекше. Шахмат пен баскетбол, футбол ойындарын қатты жақсы көреді және шұғылданады. Видеоблогинг үйірмесіне қатысады.


- Мен 7 жасымда отбасы жағдайымен Түркияға көштім. Ол жақта біршама ұлт өкілдерінің балаларымен таныстым. Мектепте, аулада маған басқа балалармен тек ағылшын және түрік тілінде сөйлесуге тура келді. Сөйтіп, екі айда түрік және ағылшын тілін меңгеріп алдым. Өзіммен бірге оқыған азербайжан балаларының да тілін үйреніп, тез тіл табысып кеттік. Сонымен қатар достарыма өз елімнің, Отанымның тарихы жайлы баяндап бердім, достарым Қазақстан туралы көп нәрсе білді. Стамбулда жүріп, Отаныма деген сағынышымды басуға және елде қалған ата-әжеме, достарыма сәлем жолдау үшін видеоблогерлікпен де айналыстым. Әлі күнге дейін ютубта жеке каналым бар. Қазіргі таңда футбол саласында ізденіп, шынығып жүрмін. Болашақта футболист болып, елімнің намысын қорғауды, Қазақстанның даңқын әлемге танытуды армандаймын, – дейді Мұхаммедали.


7 жасында бес тілді меңгерген полиглот – Мұхаммедалидің болашақта арманына жететініні сөзсіз. Қанатың талмасын, биікке самға, жас қыран!