Мектеп тарихы

Астана қаласы әкімдігінің
«Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК

Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да
мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі.
Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға үйлесетін негізде
құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады.
Мағжан Жұмабаев



Мекен-жайы: Дінмұхаммед Қонаев көшесі 33/1



Білім беру – бұл тамырын тарихтан тартқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, нәтижесі бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық. Жалпы қауымға ортақ игілік. Халық пен халықты теңестіретін де, адамнан адамның атын оздыратын да – тек білім. Білім мен ғылымға қойылар талап артқан бүгінгідей заманда мұғалімге жүктелер жауапкершілік те еселене түсері анық.

Баланың шыбық боп көктеп, тамыр боп таралатын орны, білімнің қарашаңырағы – мектеп болса, еліміздегі сондай бірегей оқу орданың бірі Астана қаласының «№66 мектеп-лицейі» ашылғалы бергі мыңдаған шәкіртке тағылым танытып, «өмірлік жолдамамен» түлетті.

Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейі – Елорда мектептері арасында өзіндік дара орны бар білім ордаларының бірі. Мектептің ашылуына Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев өзі қатысып, «Жас Ұлан» ұйымының тұсауын кесті.

Мектеп миссиясы – жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілетті, шыншыл, зерттеуші, креативті және жоғары мәдениетті тұлға тәрбиелеу біздің таңдауымыз. Осы миссия негізінде жаһандық кеңістіктің еркін тұлғасы ретінде әлемді жаңарту бағытындағы шараларға өз білімімен бөлісе алатын және оң өзгерістер енгізуге ықпал ететін тұлға жасау – мектеп міндеті болып табылады.


Білім орда 2011 жылдың 5 қаңтарында әкімдіктің қаулысымен ашылды. Мектеп ғимараты Елорданың төрінен, «Бәйтерек» монументінің жанында орналасқан. Қазіргі таңда 2600-ден астам оқушы білім алу үстінде.

«Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» демекші, қазіргі таңда 190 ұстаз оқушыларға білім мен тәрбие беруде еңбек етіп жатыр. 9 ұстаз Шаяхметова А.Е., Хасенова Ж.Е., Сабитова Қ.Қ., Оразалина К.К., Канапина Б., Парманова С.К., Жұбанышқалиева М., Уалиева А.А., Тердикбай К. – «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», оның ішінде 2 педагог «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР Білім беру ісінің үздігі», Тердикбай К – «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» 2022, «Нұр-Сұлтан қаласының Құрметті педагогі» 2021, «2018 жылдың үздік педагогі» атағының иегері, «Ұстаз даңқы ордені», 2007, «Алтын жұлдыз» ордені, 2005, «Білім беру ісінің үздігі», төс белгі, Парманова С.К. – ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «2020 жылдың үздік педагогі», Досатаева К.Т., Дауленбаева Т.Ш – «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі иегері, Сонгобай Т –«Еңбек ардагері» медалі иегері, Искакова Д.М – «2018 жылдың үздік педагогі» (Республикалық кезеңі), Кабиева М.М. (Қалалық кезеңі), Жарекешов Б.К – Экономика ғылымдарының кандидаты (Ph.D), магистр дәрежесінде 65 педагог еңбек етуде.

Әр жыл сайын өтетін «Үздік педагог» сайысына қатысып, жүлделі орындарға ие болған ұстаздарымызбен мақтанамыз. Атап айтсақ, 2015 жылы бастауыш сынып мұғалімі Бастемова Светлана Сулейменқызы қалалық деңгейде бас жүлде иеленіп, республикалық деңгейде 1 орынға ие болды. 2018 жылы бастауыш сынып мұғалімі Кабиева Меруерт Мұхтарқызы қалалық деңгейде 3 орын иеленді. 2020 жылы математика пәнінің мұғалімі Парманова Сандуғаш Куанышбекқызы қалалық деңгейде Бас жүлде иеленіп, республикалық деңгейде «2020 жылдың үздік Педагогы» атағының иегері және «2020 Білім беру ұйымының үздік педагогі» атанды.



Мұғалімнің кəсіби білігін шыңдаудың үздіксіздігі оның шығармашылық қабілетінің дамуының кепілі жəне өзіндік жеке педагогтік тəжірибесінің дамуының алғы шарты болып табылады. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше жан-жақты сауатты маман болу мүмкін емес. Жаңа форматта санатын көтерген мұғалімдер саны-128, яғни 70% мұғалім біліктілігін жаңа форматта көтерді. Мұның өзі мектеп ұстаздарының біліктілігін көрсетеді. Мұғалімдер үздіксіз жаңа әдіс-тәсілдерді оқытуға үйрететін курстардан өтуде. Білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасы бойынша мектепте өткізілген 25 үйрету семинарына мұғалімдердің 100 %-ы қатысты. 60-қа жуық ұстаздар өз тәжірибелерінің негізінде авторлық бағдарлама жазып шықты. Инновациялық-педагогикалық идеялар фестиваліне 30-дан астам мұғалімдер қатысып, қалалық, республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болды.

Пандемия кезеңінде де республика көлемінде таратылған телесабақтар түсіріліміне кәсіби құзіреттілігінің жоғары екендігін дәлелдеп мектебіміздің 10 ұстазы қатысып, жоғары деңгейде сабақ берді және еңбектері бағаланып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы», Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Міне, осындай білікті де білімді ұстаздардың шәкірттері мыңнан оза шабатын дарабоз болары сөзсіз. Жаңа идеяларға, жаңа көзқарастарға қол жеткізуде әр ұстаздың шығармашылығы, жұмыс істеуі ерекше болып саналады. Осы орайда оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру мен қалыптастыруда байқаулардың, сайыстардың алатын орны ерекше. Білімді, талантты, дарынды оқушылар жетерлік. 10 жыл көлемінде жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар сайысында 100-ден астам оқушы халықаралық деңгейде жеңімпаз атанса, қалалық деңгейде 500-ден астам оқушы жүлделі орындарға ие болды.




Жалпы білім беретін пәндер бойынша пәндік олимпиадаларға халықаралық, республикалық, қалалық деңгейде 700-ге жуық оқушылар қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Пәндік олимпиада, ғылыми жоба сайыстары және түрлі байқауларға қатысу нәтижесінде қала деңгейінде «Үздік 10 мектеп» қатарында, республика көлемінде «100 үздік мектеп» қатарынан көрініп келеміз. Мұның өзі мектеп ұжымы үшін үлкен жетістік.




Осы орайда білім орда өз қызметінде Қазақстандық патриотизмді, еліміздің «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар ретінде ұстайтынын атап өткен абзал. Сонымен қатар, ұрпақ тәрбиешісі саналатын –педагогтарымыздың бойына халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып, мектебіміз білім ордалары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады.



Ұлттық білім беру жүйесі әлем бойынша жаһандану үрдісіне көшуде. Мектептің оқу бағдарламасына ең үздік ұлттық және халықаралық тәжірибені енгізу, мектеп оқушылары үшін білім берудің перспективалық және сапалы жүйесін құру мақсатында халықаралық оқу бағдарламасына көшуді қолдады.

Халықаралық Бакалавриаттың негізгі мақсаты – білімге құмар, зерделі және қамқоршыл, болашақта мәдениетаралық түсіністік пен сыйластық арқылы әлемді дамытып және оның қауіпсіздігін сақтауда өз жолын тауып, ықпалын тигізетін жастарды тәрбиелеу. Мектеп 2019 жылы Халықаралық Бакалавриат бағдарламасына кандидат ретінде тіркелген. 2021 жылы желтоқсан айында авторизациялық визиттан өтіп, 2022 жылы қаңтар айында ресми түрде халықаралық мектеп атағын алды. B Primary Years Programme (PYP) бағдарламасы 3 пен 12 жас аралығындағы балаларды өмір бойы оқуды қолдайтын белсенді әрі қамқор азамат ретінде тәрбиелеуді көздейді. Білім беру мазмұны, әдіс-тәсілдері жаңарған мұғалімдер сабағында елеулі өзгерістер бар. Мектеп мұғалімдері сабақ беру үрдісінде Global Scholar – халықаралық бағдарламасы, Nestle салауатты тамақтану мектебі, Бағдарламалау негіздері, Эмоционалды интеллект, STEM, робототехника сияқты инновациялық технологияларды қолданады.

Оқу ордасында оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымы, түрлі бағытта үйірмелер, әлеуметтік жобалар іске асырылады. Оқушылар мектеп өміріне, қоғамдық жұмыстарға белсене араласу арқылы жан-жақты тұлға ретінде өздерін көрсете білді. Тәрбие беруде бос уақытты мазмұнды ұйымдастыру балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында мектепішілік және қалалық деңгейде ұйымдастырылған үйірмелер мен спорттық секция жұмыстарының маңызы зор. Мектепте оқушыларға қосымша білім беруді ұйымдастыру кезінде баланың және отбасының мүдделері ескеріледі. Әрбір баланың қабілеттерін анықтау және дамыту, рухани бай, еркін, дені сау, шығармашылық тұрғыдан ойлаушы, берік базалық білімі бар, жоғары адамгершілік құндылықтарға бағдарланған, қоғамның дамуына қатысуға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру – біздің міндетіміз.



Мектеп оқушыларының қызығушылығы мен қалауы бойынша мектепішілік түрлі үйірме, секцияларға қатысуы ата-аналар ұжымы тарапынан жүйелі жолға қойылған. Мектеп оқушыларының 80 пайызы мектепішілік, қалалық спорт, өнер, шет тілдер мектебі, зияткерлік бағыттағы үйірме, секцияларға қатысады. Оқушылар қосымша алған білімдерін түрлі байқаулар мен спорттық турнирлерде ортаға салып, жетістікке жетуге ұмтылады. Осы мақсатта мектепішілік «Домбыра-дастан», «Жас театр» студиясы, «Робототехника», «Шебер қолдар», «Тоғызқұмалақ», «Үстел теннисі», «Еркін күрес», «Волейбол», «Баскетбол», «Футбол», «Каратэ», «Адал ұрпақ» еріктілер мектеп клубы, «Жас құтқарушылар» жасағы, «Жас инспекторлар» жасағы үйірмелері жұмыс жасайды.




Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Ұлттық Дельфийлік ойындар бағдарламасы аясындағы Қалалық «Шаттық» байқауына мектеп оқушылары жыл сайын жоғары деңгейдегі дайындықпен сынға түседі. Атап өтсек: «Хореография», «Халық әні», «Эстрадалық ән», «Фотосурет», «Хор, «Театр», «Аспаптар» жанры бойынша мектебіміздің өнерпаз оқушылары үздік өнер көрсетіп жыл сайын «Алтын», «Күміс», «Қола» медаль иеленуде. 10 жыл ішінде «Шаттық» байқауы нәтижесіне көз жүгіртсек, «Алтын медаль» - 8 , «Күміс медаль» - 12 , «Қола медаль» - 9 мектеп қоржынына салынды. «Айгөлек» Республикалық балалар байқауында 2013 жылы «Жасөспірімдер биі» номинациясы бойынша «Бас жүлде», «Бүлдіршіндер» биі номинациясы бойынша І орынды иеленді. Сондай-ақ, жыл сайын Түркия мемлекетінде ұйымдастырылатын «IAF» Халықаралық өнер байқауына қатысып «Бас жүлде» және І орындарды иеленіп келді. Амантай Айғаным – Ресейде өткен Халықаралық «Детская новая волна – 2022» байқауына қатысып, лауреат атанды. Қалалық, республикалық ән байқауларының жеңімпазы.


Қазіргі таңда мектебіміздің мерейін асқақтатып қалалық, республикалық, халықаралық деңгейдегі өнер байқауларында жүлделі орындарды иеленіп жүрген «Jumbo» би ансамбльі жұмыс жасайды. Қазақтың қара домбырасын танытып жүрген оқушыларымыз да жетерлік. «Домбыра-дастан» үйірмесінің жетекшісі Әбенов Алтай Сапарұлының шәкірттері Жанхан Ернұр, Жакен Асылмұрат, Оразхан Фараби, Сарыбай Батырхан, Бөгембай Батырхан қалалық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып, домбыраның құдіретін жеткізіп жүр.


Мектебіміздің басты байлығы – білімді шәкірттері мен білікті ұстаздары. Қойнауында талай тағылымды бүгіп жатқан білім ордасы осы жылдар ішінде мыңдаған шәкірттің жүрегіне нұр құйып, түлетіп ұшырды. Оқушы мен ұстаздардың жеткен жетістіктері, шыққан биіктері мен атқарған игі істеріне айналған бұл мектеп киелі шаңырақ, іргелі орда. Осы шаңырақтан талай қазақ баласы білім алып, отанымыздың игілігіне қызмет атқаруға өмірлік жолдамамен аттанды.