Оқу бағдарламасы




Астана қаласы әкімдігінің
«Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейі»
Шаруашылық жүргізу құқығындағы
мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын

ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ



№66 мектеп-лицейі - Халықаралық Бакалавриаттың бастауыш жылдар бағдарламасы (PYP) бойынша ресми түрде авторизациядан өткен алғашқы мемлекеттік мектеп.

Мектебіміз 2019 жылы Халықаралық Бакалавриат бағдарламасына үміткер ретінде тіркелген. IB Primary Years Programme (PYP) бағдарламасы 3 пен 12 жас аралығындағы балаларды өмір бойы оқуды қолдайтын белсенді әрі қамқор азамат ретінде тәрбиелеуді көздейді.

IB, яғни халықаралық бакалавриат бағдарламасы - бүкіл әлем бойынша оқушыларды белсендірек, жанашыр болуға, өмір бойы білімін жетілдіруге және басқа адамдардың дүниетанымы әртүрлі болса да, олардың дұрыстығын тануға дайын болуға ынталандырады.


Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты - мәдениетаралық түсіністік пен сыйластықтың көрінісі арқылы әлемнің жақсаруы мен қауіпсіздігіне үлес қосатын ізденімпаз, эрудитті және қамқор жастарды тәрбиелеу. Осы мақсатта ХБ ұйымы мектептермен, мемлекеттік және халықаралық ұйымдармен бірлесіп күрделілігі жоғары халықаралық білім беру бағдарламаларын және алынған білімді мұқият бағалау тәртібін әзірлейді.
IB немесе ресми түрде IBO (Халықаралық Бакалавриат Ұйымы) - ол 1968 жылы ЮНЕСКО қолдауымен құрылған және штаб-пәтері Женева, Швейцарияда орналасқан коммерциялық емес қор. Ол 4 білім беру бағдарламаларын ұсынады:


PYP (3-12 жас),
MYP (11-16 жас),
DP (15-19 жас),
CP (15-19 жас).


Біз 66 мектеп-лицейде ең алғашқысын, яғни PYP бастауыш мектеп бағдарламасын 2018 жылдан бастап енгізіп, оқушыларымызды сол бағдарламамен оқытып жатырмыз. Себебі 2018 жылы қыркүйек айында осы бағдарламаға қызығушылық танытып ресми түрде өтініш формасын жібердік.

2019 жылы тиісті құжаттар жинақтап, сұраныс беріп, “Үміткер мектеп” статусын алдық.

Тура бір жылдан кейін яғни 2020 жылы біз Халықаралық Бакалавриат офисының өкілі, IB PYP Британиялық халықаралық эксперт Мэгги ХосМакГрейн екі күндік Консультациялық визитті виртуалды форматта өткізіп, мектептің халықаралық бағдарламаға деген сәйкестігін барынша тексеріп, оң шешім берді. Солайша мектеп авторизациялық визитке дайындығын бастады.

2021 жылдың желтоқсан айында мектебіміз Авторизациялық визитті сәтті атқарып, бір айдан соң яғни 2022 жылдың қаңтар айында авторизациядан өтіп, IB PYP халықаралық бастауыш мектеп бағдарламасын енгізген алғашқы мемлекеттік мектеп атандық.

PYP бағдарламасы негізінен құндылықтар мен дағдыларға, зерттеу мен зерттеу дағдыларын дамытуға, оқушыны жан-жақты дамытуға негізделген, сонымен қатар, бұл бағдарлама мұғалімдерді де оқушыларға үздіксіз мықты үлгі болу үшін кәсіби дамуға шақырады.

Осыған дәлел - мұғалімдеріміз оқушылармен бірге зерттеу жобаларын жасап, ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен НИШ конференцияларында бөлісіп, бірқатар IB семинарларына қатысып та, ұйымдастырып та өз тәжірибелерімен бөлісуде.

Осы академиялық жылы мамыр айында ресми түрде авторизацияланған мектеп ретінде алғашқы IB PYP көрмесін тарихи зерттеулер бағытында сәтті өткізіп шықтық. Көрме Біз уақыт пен кеңістікте қай жердеміз пәнаралық бағыт аясында “Тас дәуірінен ғарыш заманына дейін” тақырыбында өтті. Оқушылар мен ұстаздар жыл басында зерттеу тақырыптарын таңдап, топтарға бөлініп, зерттеу жоспарын құрды. Академиялық жыл барысында мұғалімнің көмегімен өз тақырыптары бойынша сұрақтарын таңдап, әдебиеттер шолуын жасап, тапқан ақпараттарына анализ жасап, жан-жақты зерттеді. Соңғы тоқсанда нәтижелерін шығарып, зерттеу бойынша макеттер, буклеттер, презентациялар жасап топта жұмыстарын көрме қонақтарына ұсынды. Көрмеге мектебіміздің ата-аналары, ұстаздары, оқушылары, Білім беруді жаңғырту орталығы өкілдері, басқа да мектептерден шақырылған ұстаздар, координаторлар қатысып жоғары бағасын берді.


Бағдарламаның артықшылығы:



Бірлестік жоспарлау
Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарды Халықаралық Бакалавриат бағдарламасының стандарттарына сәйкес бейімдеу мұғалімдердің бірлескен жоспарлауы (совместное планирование) арқылы жүргізіледі. Мұғалімдер бірлесе жоспарлау жүргізу барысында өзара ойларымен, тәжірибесі және ресурстарымен бөліседі, әрдайым даму үстінде болады. Бірлестік жоспарлау жүйелі түрде өтетіндіктен, үнемі рефлексия жасап, оқу үрдісін жақсартуға көп үлесін тигізеді.

Зерттеу бағдарламасы
№66 мектеп-лицейінің мұғалімдерінің бірлескен жоспарлау барысындағы басты мақсаты – зерттеу бағдарламасын құрастырып, оны жүзеге асыру. Зерттеу бағдарламасын құрастыру келесі кезеңдерді қамтиды:

1.Planning.
Бірлесе жоспарлауда мұғалімдеріміз тоқсан алдында бір тоқсандық сабақтар жоспарын (Unit Planner) құрастырады, сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер мен бағалау критерийлерін анықтайды, жаңа ресурстарды қолданады.

2.Acting.
Сабақ барысында мұғалімдеріміз бірлескен жоспарлауда анықталған концепцияларды, негізгі идея мен зерттеу бағыттарын қолдана отырып жоспарланған сабақтарды өзара келісілген әдіс-тәсілдермен өткізеді.

3.Observing.
Мұғалімдеріміз сабақтарын өткізу барысында сабақ қалай өтіп жатқанын, қандай мәселелер пайда болғанын, оқушылар мазмұнды қалай түсінгенін бақылап өз ойын жазады.

4.Reflecting.
Жоспарлап өткізген сабақтары бойынша кері байланыс жасап, мұғалімдер бірлестік жоспарлауда бір-бірімен талқылайды, тиімсіз өткен тапсырма мен әдіс-тәсілдерді өзгертеді, жаңғыртуға тырысады.


Трансдисциплинарлық (пәнаралық) оқыту


Халықаралық Бакалавриат бағдарламасы енгеннен бастап, әр юнит (бөлім) бойы (тоқсан немесе жарты тоқсан) оқушылар бір тақырыпты бірнеше сабақтарда тереңінен оқып зерттейді. Жалпы, бір академиялық жыл бойы оқушылар алты трансдисциплинарлы тақырыптарды оқып біліп шығады. Мұғалімдер осы трансдисциплинарлық оқыту оқушыларға үлкен артықшылық екенін айтады, себебі бір тақырыпты, мысалы, ағылшын тілі, орыс тілі, дене шынықтыру және дүниетану сабақтарында тереңінен әрі жан-жақты талқылау және оқу үлкен нәтиже беруде дейді.


Оқушының үні



Бастауыш мектептің Халықаралық Бакалавриат зерттеу бағдарламасы үш маңызды сұраққа сүйене отырып жұмыс жасайды:

1. Біз не оқимыз? (мазмұн)
2. Біз қалай оқимыз? (әдіс-тәсіл)
3. Біз үйренгенімізді қалай білеміз? (бағалау)


Бұл зерттеу бағдарламасының ерекшелігі әрі жаңашылдығы - осы сұрақтарды мұғалім ғана шешпейді. Оқу бағдарламасын жоспарлап, мазмұнын құрастыру барысында оқушының үні, яғни, оқушы тарапынан шыққан идеялары, сұраныстары мен ұсыныстары ескеріледі, ал мұғалім - жол сілтеуші және жетекші рөлін атқарады. Басқа сөзбен айтқанда:


1. Сабақтың мазмұнын жоспарлау барысында оқушы не үйренгісі, не білгісі келетінін және оны не қызықтыратынын ортаға салады, ал мұғалімдер жоспарды оқушы қалауына сүйене отырып жасайды, ол үшін оқушымен ой-пікір алмасып, кері байланысын алады.
2. Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер мұғалімдер балаларға “Сабақтың қалай өткені ұнайды?” сұрақ қоюы арқылы және оқушының кері байланысын назарға ала тұрып жоспарлайды. Бұл мұғалімді жаңа мәліметтер мен жаңа ресурстарды зерттеп табуға итермелейді, ал оқушыға қызығушылықпен зерттеу жұмыстарын жүргізіп білім алуға көмектеседі.
3. Тапсырмалардың бағалау критерийлерін құрастыру барысында оқушы да өз ұсыныстарын қоса алады. Сол критерийлерге сүйене отырып оқушы өзін-өзі бағалай алады, сабақты қандай деңгейде меңгергендігін біледі. Оған қоса, оқушы өзінің жалпы білім деңгейін анықтау мақсатында жеке портфолиоға жинаған жұмыстары арқылы өзінің даму динамикасын бақылап бағалай алады. Бұл қадамда оқушы өзі-өзіне кері байланыс беріп үйренеді.

Мұғалімдердің айтуынша, Халықаралық Бакалавриат бағдарламасы тақырып таңдаудағы еркіндік мұғалімнің де, оқушының да қызығушылықпен сабақ беріп, сабақ оқуға, жаңа қызықты ақпарат іздеп, зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік тудырады.

«Мұғалім-оқушы-ата-ана» үштігі


Халықаралық Бакалавриат бағдарламасын енгізелі бері мектептің ата-аналармен байланысы нығая түсті. Қазір ата-аналар балалары өтіп жатқан юниттің тақырыбы, мақсаттары, тапсырмалары туралы хабарда. Мұғалімдер, әсіресе, бірінші сыныптардың жұмыстарының нәтижелерін фотоесеп жасап ата-анаға жіберсе, ата-аналар үйінде балаларына зерттеу жұмысын жасауда қолдау көрсетеді. Тоқсан соңында ата-ана оқушы үлгерімі жайында есеп картасын алады. Ол жерде оқушының академиялық үлгеріміне түсініктеме берумен қатар, дағдыларының, оқушы профилінің даму деңгейі туралы ақпарат беріледі.
Халықаралық Бакалавриат бағдарламасы аса назарды оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытуға қояды. Жиіленген кішігірім зерттеуді талап ететін тапсырмалар мен көлемді зерттеу жұмыстары бағдарламаның тағы бір артықшылығы және ол ата-аналарға ұнайтынын мұғалімдер кері байланыста естуде.