Алиакпаров Абдурахман


13 жасар астаналық оқушы Абу-Дабиде джи-джитсу бойынша әлем чемпионы атанған. Алиакпаров Абдурахман Дүниежүзілік фестивальдің күміс жүлдегері. Сондай-ақ, грэпплингтен Азия чемпионатының қола жүлдегері және NEWAZA секциясында Қазақстанның күміс жүлдегер иесі. Абдурахман Павлодар қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда Астана қаласының Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы. Ұстаздары оны сабақта өте белсенді, қабілетті, зерек оқушы ретінде бағалайды. Абдурахман оқу үздігі, спортшы, қазақ, орыс, ағылшын тілінде еркін сөйлейді, араб тілін меңгеру үстінде. Келешекте дипломат болғысы келеді. Қазіргі таңда спорт, химия саласына қызығушылық танытады. Ал спортпен 6 жасынан бастап шұғылданады.


-Менің спорттық жолым өте ұзақ және қиын болды десем болады. Көздің жасы, қуаныш, қиындықтар да болды. Кейде тіпті бәрін тастап, спорттан көрінбей кеткім келетін. Бала кезімде ата-анам менің бойымнан ақылдылық, көпшілдік, көшбасшылық, сенімділік сияқты қасиеттерді байқай бастаған. Ата-анамның айтуы бойынша мен 1 жасымның өзінде 4 жасар баладай жақсы сөйлегенмін. 1,5 жасымда 3,4 тілде әліпби мен барлық сандарды үйрендім. 5 жасымда ағылшын тіліне бардым, бұл тіл маған бала кезімнен ұнайтын, ал қазір 13 жасымда бұл тілде еркін сөйлеймін. 6 жасымда отбасымызбен Астанаға көшіп келдік, қазір ойласам бұл ең дұрыс шешім болған екен. Сол уақыттан бастап джиу-джитсуға бара бастадым. Мені Қазақстанда бразилиялық джиу-джитсуды дамытқан адамдардың бірі, Қазақстандағы тұңғыш қара белбеу, тәлімгер-профессор Арманжан Рузахунов үйрете бастады. Джиу-джитсумен айналыса бастаған сәттен бастап бұл спорт мені қызықтырды және өзімді табуға және дамытуға көмектесті. Джиу-джитсудың арқасында мен тәртіпті, мақсатты және болашақты бағдарлайтын тұлғаға айналып келемін. Джиу-джитсу - бұл тек күресу керек спорт емес, сонымен қатар интеллект пен тәртіп маңыздылығын қажет ететін спорт түрі, - дейді Абдурахман.


Еске сала кетейік Джиу-джитсу (жапон. 柔術) - жапонның қарусыз өзін өзі қорғану өнері. Джиу-джитсу сөзінің өзі мойынсұнуды, яғни «жеңу үшін мойынсұнуды» білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, бұл күрес пен өзін өзі қорғаудың әмбебап өнері. Бразилиялық Джиу-джитсу - жердегі жауынгерлік жекпе-жекке негізделген жауынгерлік өнер .