Бахтиярқызы Жәмилямен "Үміттің ақ гүлі - Бәйшешек" атты шығармашылық кездесу

Бахтиярқызы Жәмилямен "Үміттің ақ гүлі – Бәйшешек" атты шығармашылық кездесу өтті
Бүгінгі күн ертеңгі тарих. 2 желтоқсан күні мектеп кітапханасында «Үміттің ақ гүлі - Бәйшешек» атты шығармашылық рухани кездесу өтті. Кеш қонағы - мектебіміздің түлегі, журналист, жас қаламгер, «Бәйшешек» кітабының авторы Бахтиярқызы Жәмиля.



Ұстаз болу бақыт, шәкіртінің жетістігін көру одан екі есе бақыт. Араға 10 жыл салып, бейбіт күннің батыр қызы Жәмиля алтын ұя мектебімен, ұстаздарымен қауышты. Бұл күн ұстаздың уайымы сейіліп, шәкіртінің жеңісін көріп, қуанғаннан көзден жас тамған күн болды. Себебі, Жәмиля он жасында адам баласында сирек кездесетін дертке ұшырап, ұзақ жылдар ауыр дертпен күресіп, мықты Сеніммен дертті Жеңіп шықты. Бала күнгі асқақ арманына қадам басты, мақсатына жетті. Мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, журналист мамандығын игерді, толағай тебіреністер Жамиляның қаламын ұштады. «Бәйшешек» кітабын жазып шықты. Кітаптың жарыққа шыққанына аз уақыт болса да оқырманның жүрегін баурап алды. Берері мол бұл кітап адам баласының өмірге деген құлшынысын оятып, бір жұтым ауа мен бір тамшы судың қадірін ұғындырды.


Шығармашылық кеште мектеп оқушылары кітаптан алған әсерлерін тебіреніспен жеткізді, кеш барысында қонаққа сұрақтары мен тілектерін жаудырды.
Жамиляға сабақ берген ұстаздары жарқын естеліктермен бөлісіп, шәкіртінің жетістігіне қуанып тілектерін арнады, денсаулығының жақсарғанына балаша қуанып, көздеріне жас алды.

Рухани кешке Сенат депутаты Ғалиасқар Төлендіұлы Сарыбаев және Жәмиляның әкесі Өнербаев Бақтияр Әлтайұлы қатысты.

Жамиля әрбір сұраққа әсерлі жауап берді, «Ерке сылқым» күйінің тарихын айтып, домбырамен күй шертті, жүректен шыққан өлеңдерін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш соңында естелікке суретке түсіп, автордан қолтаңба алып, оқушылар қонақпен қимай қоштасты.
Қаламыңыз қарымды болсын, Жәмиля! Сіздің екінші кітабыңызды күтеміз! Біз Сізбен мақтанамыз. Алар асуыңыз бен шығар шыңыңыз көп болсын.