Амантай Айғаным


Амантай Айғаным
– Халықаралық ән байқауларының жеңімпазы, күміс көмей әнші. 4 жасынан бастап үлкен сахналарда өнерін паш етіп, тынымсыз еңбек етіп, талай өнер додаларында оза шауып келеді. Жақында ғана Ресейде өткен «Детская новая волна – 2022» Халықаралық ән байқауында лауреат атанды. Ресейдегі «Артек-Арена» сахнасында төрт жарым мың көрермен алдында ел мерейін өсіріп, ерекше қайталанбас әсем дауысымен көрерменді тәнті етті.



Мен Ресей елінде үлкен сахнада ана тілімде ән шырқаған сәтте кеудемді қуаныш кернеді, маған ерекше әсер қалдырды. Байқау бітсе де, көрермендер мені жібермей қайта–қайта ән айтқызды, менің дауысым оларға ұнап қалған екен. Әр байқауға қатысқан сайын менде жаңа достар пайда болып, кеңісім мен тынысым кеңейеді. Мен бақытты Ұланмын. Шет елдегі достарыммен жиі хабарласып тұрамыз, тәжірибе алмасамыз. Қазіргі таңда өнерімді қарқынды дамытып келемін. Бірнеше авторлық ән жаздырып, екі бейнебаян түсіріп үлгердім. Келешекте Димаш ағамдай қазақ халқының әуелеген әсем дауысын әлемге паш еткім келеді, осы жолда аянбай еңбек етемін, - дейді жас өнерпаз Айғаным.



Айғаным Астана қаласы Д.Қонаев атындағы №66 мектеп–лицейінің 7 сынып оқушысы, оқу озаты, мектеп мақтанышы. Айғанымның өнер саласында жетістіктері жетерлік. «JUNIOR EUROVISION 2021» ән байқауының финалисті, «Славянский базар в Витепске - 2022» Халықаралық өнер фестивалінің іріктеу турының финалисі, Халықаралық «Euro Stars» ән байқауының 1 орын иегері, «Alash star» халықаралық өнер байқауында Бас жүлде иегері, «Көңілдің асыл пернесі» Халықаралық шығармашылық байқауында «Бабамнан қалған кең дала» номинациясында І орын, «Аялаған Астана», "Тәуелсіздік - тұғырым" ән байқауларының Бас жүлде иегері.


Жас өнерпаз Айғаным! Өнерің өрге жүзіп, талантың шыңдала берсін. Үлкен белестерді бағындыруыңа тілектеспіз. Біз Сізге сенеміз!